Орталық қызметі
Дәстүр мен заманауи үндестігі: Қазақстанда кореялық NUMORI фьюжн тобының концерті өтті
-
ДАТА МЕРОПРИЯТИЯ
Oct 26, 2026
26 қазанда Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы Елшілігінің Корей мәдени орталығы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымымен бірлесіп, оңтүстіккореялық NUMORI фьюжн тобының өнер кешін өткізді.
Қазақстан Республикасының күніне орай өткен мәдени іс-шаралар қатарындағы бұл өнер кешінде оңтүстіккореялық NUMORI және қазақстандық Saz&Soul вокалды-аспаптық тобы бір сахнада бас қосты. Қос ұжым ұлттық музыкалық мұраны заманауи әуендермен сабақтастырып, екі ел музыкасының өзіндік бояуын жаңа қырынан танытты.
Кеш шымылдығын Saz&Soul тобы ашып, қазақ музыкалық шығармаларын өзіндік мәнерде орындады. Одан әрі сахна төріне NUMORI көтеріліп, корей музыкасына тән дәстүрлі ырғақтар мен ұрмалы аспаптардың үнін рок, поп және электронды музыка элементтерімен шебер үйлестірді. Осы арқылы көрермен қауымға заманауи гугактың жарқын да өзіндік музыкалық әлемін ұсынды.
Бағдарламаның ерекше тұсы – қос ел өнерпаздарының бір-бірінің ұлттық музыкалық мұрасына ден қоюы болды. Saz&Soul корей халқының дәстүрлі «Ариран» әнін орындаса, NUMORI қазақтың «Назқоңыр» дәстүрлі туындысын өзіндік нақышта ұсынып, кештің көркін қыздырды. Екі ұжымның бір-бірінің ұлттық музыкасын өз мәнерінде орындауы Корея мен Қазақстан мәдениетіне деген өзара қызығушылық пен құрметтің жарқын көрінісіне айналды.











